Құқықтық сауаттылық – жастар болашағының кепілі

Құқықтық сауаттылық – жастар болашағының кепілі

Жібек жолы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық» орталығы бірлесіп, «Ақбұлым» алабының мәдениет үйінде «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» атты жастар форумы ұйымдастырылды.
Аталған форумның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарына құрмет сезімін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту. Іс-шараға мемлекеттік органдар өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары, жастар ұйымдарының белсенділері мен аудан жастары қатысып, өзара тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
Форум аясында «Жайдарлы жастар» Жайдарман ұйымы, «Жастар рухы» жастар қанаты, пікірсайыс клубтары мен «Қазақстан студенттер альянсы» ұйымдарының таныстырылымдары ұсынылып, арнайы көрмелер ұйымдастырылды. Бұл алаңдар жастардың белсенділігін арттырып, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.
Шара барысында аудан әкімі Қ.Аралбекова сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістердің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол аталған реформалардың азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар форум шеңберінде Тараз қаласы бойынша Мансаптық орталықпен бірлесіп, NEET санатындағы жастар мен бітіруші түлектерге арналған «Мүмкіндіктер алаңы – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында 20 білім беру мекемесі тарапынан 60 бос жұмыс орны ұсынылып, жастарға нақты еңбек нарығына қадам жасауға жол ашылды.
Ашық диалог пен мазмұнды пікір алмасуға құрылған бұл форум жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың әлеуметтік белсенділігін күшейтуге серпін берді. Мұндай игі бастамалар – заңды құрметтейтін, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі екені сөзсіз.