Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30-жылы деп жариялады

Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30-жылы деп жариялады

Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі

 Мемлекет басшысы  жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі екенін атап өтті.

"Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан, мен келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияладым. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.   Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті.  Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды",- деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия салдарынан еліміздің басты ұлттық мерекесін кең көлемде атап өту мүмкін болмағанын айтты. Азаматтарымыздың денсаулығы, өмірі және әл-ауқаты бәрінен жоғары тұрады. Сондықтан барлық іс-шара шектеулі форматта және онлайн режимде өтеді. Бірақ бұл жағдай Тәуелсіздік күнінің құны мен маңызын еш төмендетпейді.  Президент ұлық мерекенің салтанатты рухы әр шаңырақты шаттыққа бөлеп,  әр қазақстандықтың жүрегін қуанышқа толтыратынына сенім білдірді.

- Ел дамуының сыртқы және ішкі міндеттерінің өзара үйлесімді ұштасуының маңызы артып келеді. Біз Қазақстанның шынайы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін барлық күш-жігерімізді және ресурстарымызды жұмылдыруымыз қажет. Бүгінде ұлттың шоғырлануы және әрбір азаматтың Тәуелсіздік құндылықтарына шексіз қызмет етуі өте маңызды. Біз көпжақты құрылымдар мен БҰҰ рөлін күшейтуге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту жолындағы сыртқы бағдарымызды жалғастыра береміз. Ұлттық мүдделерімізді қатаң ұстанып, заманауи көпжақты әлемде тиімділігін дәлелдеген үйлесімді әрі сындарлы сыртқы саясатымызды дәйекті жүргіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті. Мұндай тағдыршешті сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді.

– Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз, – деді Президент.