Тазалық жұмыстары жүргізілді

Тазалық жұмыстары жүргізілді

Табиғатты аялау – әр адамның адамдық парызы. Көшеде шашылған қалдықты көріп, үндемей өте шықсаңыз – бей-жайлықтың белең алғаны. Ал сол қалдықты иіліп көтеріп, қоқыс жәшігіне тастасаңыз – бұл үлкен мәдениетке, өркениетке ұмтылғаныңыз. Мәдениет – адамның ішкі тәрбиесі мен ар-ожданының айнасы.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында "Таза Қазақстан"экологиялық акциясын жариялады. Акцияның мақсаты-экологиялық мәдениетті қалыптастыру, "адал адам – адал еңбек – адал табыс" патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Бұл, Президент атап өткендей, "уақытша акция емес, бұл маңызды жоба жыл бойы жалғасуы тиіс".
Жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында бүгін Жамбыл ауданында орналасқан Айшабибі кесенесінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауқымды акцияға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан ардагерлері, жастар мен тұрғындар атсалысты. 200-ге жуық азамат бірігіп, тарихи ескерткіш маңайына аға көшеттерін отырғызып, күл—қоқыстарды шығарды.
Қарапайым тазалықтан басталатын үлкен өнегені бойға сіңіру – ұлтқа деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Табиғат – бәріміздің ортақ үйіміз. Сондықтан акцияға қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына барша жамбылдықтарды үлес қосуға шақырады.