Жамбыл облысында мүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстары қарқынды жүруде

Жамбыл облысында мүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстары қарқынды жүруде

Жамбыл ауданы, Қаракемер ауылында облыс бойынша «Ауыл аманаты» жобасына енген елді мекендердегі мүйізді ірі қара малдарын қолдан ұрықтандыру мәселесі талқыланған жиын өтті.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек мүйізді ірі қара малын асылдандыру ісінің маңыздылығына тоқталды.

Ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасарлары және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің және «Асылдандыру-Тараз» ЖШС өкілдері, сондай-ақ Тараз қаласының және аудандардағы ветеринариялық станциясының өкілдері қатысқан шарада сала ғалымдары да өзекті әрі орамды ойларымен бөлісті.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков өңірде 560 мыңға жуық мүйізді ірі қара бар екенін айта келе, аймақтағы 24 ауылдық округте мал басын асылдандыру бағытына тікелей облыс әкімінің қолдауымен 100 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отырғанын жеткізді.

Басқарма басшысы өз сөзінде жыл басынан 4 мыңнан астам ірі қара қолдан ұрықтандырылғанын, 2019 жылы субсидиялауға өзгерістер енгізілгендіктен көрсеткіш төмен болып отырғанын және алдағы уақытта мал асылдандыру ісі аймақ бойынша қарқынды жүзеге асатынын мәлімдеді.

Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдағы уақытта мал асылдандыру бойынша конкурстық жұмыстар ертерек жүргізілетінін жеткізді.
Шара соңында аграрлық сала мамандары ұрықтандыру ісімен тәжірибе жүзінде танысты.

Айта кетейік, облыс бойынша қолдан ұрықтандырылатын мүйізді ірі қара малының аналығы 5 886 басты құрап отыр.

Нәтижесінде қолдан ұрықтандырылған аналық мүйізді ірі қара малынан 70-75 пайыз асыл тұқымды төл алу күтілуде