ҚР Президент кеңесшісі ауданымызда болды

ҚР Президент кеңесшісі ауданымызда болды

Президент кеңесшісі зиялы қауым өкілдерімен өткен кездесуде осылай деді.
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев кеше ауданымызда болды. Әуелі Айшабибі ауылында орналасқан «Айшабибі кесенесіне» барып, еланасына тағзым етті. Ерте заманда бой көтерген сәулетті ескерткіштің киелі мекенде орналасуының символикалық мәні бар екенін атап өтіп, осы орайда жергілікті жұртшылық өскелең ұрпаққа, яғни жастарға тарихи тұлғаларды үнемі үлгі етіп отыруы керектігін айтты.
Президент кеңесшісінің іссапары Аса ауылында жалғасты. Мәлік Нұржанұлы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында зиялы қауым өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Аудан ардагерлерінен не толғандыратынын сұрап-біліп, өтініш-тілектерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев Аса ауылындағы темір жол бойынан аспалы көпір салу керектігін, бұл мәселе бұған дейінде бірнеше мәрте көтерілгенімен әлі күнге дейін шешімін таппағанын алға тартса, кеңес мүшесі Сайлаубек Ережепбаев Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығына іргелес орналасқан ауданымыздың аумағына жайылып жатқанын, оның жағымсыз исінен жергілікті жұртшылық әбден мезі болғанын жеткізді. Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев «Казфосфат» зауытынан шығатын түтіннің, кәсіпорын маңында үйілген күлдің шаңы тұрғындарға, сондай-ақ экологияға зиян келтіріп тұрғанына баса мән берсе, мәдениет саласының үздігі Сәрсен Күзербаев білім саласындағы реформаларға көңілі толмайтынын айтып, ой-пікірін ортаға салды. Ардагер ұстаз Алтынхан Сапарбеков идеологияны мықтап қолға алу қажет екенін, мектептердегі білім сапасы, мұғалімдердің біліктілік деңгейі көңіл көншітпейтінін тілге тиек етіп, салмақты сөз сабақтады. Өрнек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев «көгілдір отынсыз» отырған елді мекендерді газдандыру бойынша өтініш білдірді.
Ардагерлердің сөзін құптаған Мәлік Нұржанұлы қариялар тарапынан көтерілген мәселелерді назарға алатынын, алдағы уақытта мәселелер шешімін табатынын, халықтың үні естіліп, мұң-мұқтажы ескеріліп, қажеті өтелуі тиіс екенін қадап айтты.
Келелі кездесуге облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және өзге де лауазымды тұлғалар қатысып отырды.
Сапар соңында Президент кеңесшісі М.Төлебаев атындағы өнер мектебіне бас сұқты. Өнер ордасының тыныс-тіршілігімен етене танысып, өнерлі өрендердің жеткен жетістіктерінен хабардар болды. Өнер мектебі ұжымының осы күнге дейін атқарған жұмысын оң бағалап, шығармашылық табыс тіледі.