
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік қызмет құқықтық және әлеуметтік қорғалушылық қағидаттарына негізделеді.
Мемлекеттік қызметшілер еңбек пен денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғауға құқылы.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің қызметінің негізгі бағыттарының бірі – азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру болып табылады.
Ағымдағы жылы департаменттің бақылау шараларының нәтижесінде облыс бойынша шамамен 300 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде 34 азаматтың (оның ішінде 33 мемлекеттік қызметші мен 1 жеке тұлғаның) құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары, оның ішінде шетелдік іссапар шығындары да өтеледі.
Еңбек заңнамасына сәйкес, іссапар шығындарын өтеу мерзімдері бұзылған жағдайда тиісті өсімпұл (айыппұл) төлеу көзделген.
Тақырыптық талдау нәтижелері бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 89 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 158 928 теңге көлемінде өсімпұл төленді.
Бұдан бөлек, еңбек заңнамасында мемлекеттік қызметшілерді артық жұмыс уақытына тартқан жағдайда, оларға демалыс сағаттарын беру қарастырылған.
Осылайша, мемлекеттік органдарға бару арқылы жұмыс уақытының режимін сақтау мониторингі нәтижесінде 11 қызметшіге 11 сағаттан астам демалыс уақыты берілді.
Ал «E-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан жүргізілген жұмыс уақытының мониторингі нәтижесінде 128 мемлекеттік қызметшіге 162 сағаттан астам қосымша демалыс уақыты берілді. Бұл олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.