Үздік учаскелік полиция инспекторы анықталды

Үздік учаскелік полиция инспекторы анықталды

Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атты жыл сайынғы кәсіби шеберлік конкурсының аудандық кезеңі Аса ауылында салтанатты түрде өтті. Аудан әкімдігінің үлкен залында ұйымдастырылған бұл шараға ауданның құқық қорғау саласы, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері қатысты.

Конкурс талаптарына сай  Жамбыл аудандық полиция бөлімінің, аудан әкімдігінің, аудандық мәслихаттың, Қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мүшелері бас қосты.

Іс-шараны Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Несіпбеков Нұрлан Күдербайұлы жүргізіп, жиналған қауымды салтанатты түрде құттықтады. Өз сөзінде ол учаскелік полиция инспекторларының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.

– Қазақстан полициясы – халық тыныштығының тірегі. Учаскелік инспекторлар – әркез халықпен етене араласып, күнделікті тұрмыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты тұлғалар. Бүгінгі конкурс олардың кәсіби шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуына жол ашады. Бұл – полиция беделін көтеретін маңызды бастама, – деді Н.Несіпбеков.

Конкурстың өту тәртібі мен кезеңдері туралы толық мәліметті Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Төлеуішов Нүркен Мақашұлы баяндады. Қазылар алқасының құрамымен таныстырып, аудан көлеміндегі алдын ала іріктеу кезеңінің нәтижелерін таныстырды.

Конкурсқа қатысқан учаскелік полиция инспекторларының ішінен Пайзиев Азизжон Әшірбайұлы және Айдарбеков Асхат Бақытұлы өз қызметі туралы бейне-презентациялар арқылы есеп беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Презентациялар көрермендердің оң бағасын алып, инспекторлардың кәсіби даярлығы жоғары деңгейде екені көрінді.

Сайыстың қорытындысында үздік деп танылған учаскелік полиция инспекторы – Пайзиев Азизжон Әшірбайұлы марапатталып, Жамбыл облыстық кезеңіне жолдама алды.

Марапаттау рәсімінде Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бектұрғанов Ғазиз Болатханұлы жеңімпазды құттықтап, алдағы облыстық кезеңде сәттілік тіледі.

– Бүгінгі конкурс – қызметіне адал, батыл да білгір инспекторларымыздың еңбегін елге танытатын маңызды алаң. Мұндай байқаулар – халық пен полиция арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді, – деп түйіндеді Бектұрғанов.

Салтанатты іс-шара соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Несіпбеков қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, қоғамдық тәртіптің қорғаны – полиция қызметкерлерінің абыройы арта берсін деген тілекпен сөзін аяқтады.

– Бұл – тек конкурс емес, бұл – сенім мен серттің сынға түскен сәті. Ел тыныштығы – сіздердің иықтарыңыздағы жауапкершілік. Сіздерге тек сәттілік, отбасылық амандық және қызметте табыс тілеймін, – деді ол.

Қоғам тыныштығы – полиция абыройы.