Бүгін Жамбыл ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Шара аясында журналистер өңірдің әлеуметтік нысандары мен агроөнеркәсіптік кешендерінің жұмысымен танысты.
Таңғы уақытта БАҚ өкілдері Ш.Ниязбеков ауылындағы мәдениет үйі мен аудандық мұрағат ғимаратының құрылысын аралап көрді. Құрылыс барысын аудан әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсыбек Сағымбекұлы баяндап, жобалардың маңыздылығына тоқталды.
Кейін AY KUS ЖШС құс фабрикасына барды. Жобаның құны – 917 млн теңге. Мұнда бір мезетте 250 мың тауық пен 270 мың балапан өсіріліп, жылына 70 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Кәсіпорын жұмысымен Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Ернар Оразалиев пен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Береке Несіпбекұлы таныстырды.
Түстен кейін журналистер АТБ мал шаруашылығы кешеніне барды. Мұнда шетелден әкелінген ірі қара мал өсірілуде. Заманауи технологиямен жабдықталған кешенде сүт өндірісі жолға қойылған. Әрбір сиыр тәулігіне орта есеппен 20 литрге дейін сүт береді. Қатысушылар сүт өнімдерінің дайындалу процесін өз көздерімен көрді.
Соңғы нысан – Надежда шаруа қожалығы болды. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі. Шаруашылық қызметімен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов таныстырды.
Пресс-тур барысында журналистер ауданның экономикалық әлеуеті мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы нақты істермен танысып, өзекті сұрақтарына жауап алды.