
Бүгін Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Көлқайнар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен аудан прокуратурасынан келген Қилыбаев Ұлан Жақсылықұлы және өзге де жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Сонымен қатар, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Кездесу аясында аудан прокуроры Ұлан Жақсылықұлы Қилыбаев сөз алып, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол барлық азаматтарды заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және құқықтық мәдениетті арттыруға шақырды.
Жиын соңында Ерлан Қыдыралыұлы тұрғындарға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, елді мекенді дамытуда ынтымақ пен бірлік қажет екенін атап өтті.