Ауыл тазалығы басты назарда: аудан әкімі қатаң ескерту жасады

Ауыл тазалығы басты назарда: аудан әкімі қатаң ескерту жасады

Аудан әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте күн тәртібінен тыс мәселе ретінде ауылдық округтердің санитарлық жағдайы – «Таза Қазақстан» акциясы да назардан тыс қалмады.

Кеңес соңында аудан әкімдігінің аппарат басшысы ауылдық округтерге жүргізілген мониторинг нәтижесін таныстырды. Мониторинг барысында кейбір елді мекендерде санитарлық тазалық талаптарының орындалмай отырғаны, күл-қоқыс жиналмай, тұрғындар тарапынан шағымдардың көбейгені белгілі болды.

Аудан әкімі әрбір ауылдың жағдайына жеке тоқталып, тиісті жұмыстарды жүргізбеген бірнеше ауыл әкіміне сөгіс жариялады. Сонымен қатар, сол ауыл әкімдеріне 10 күн ішінде кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырма берілді. 

«Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Ауылдың тазалығы – сол ауылдың келбеті мен мәдениетінің көрсеткіші. Бұл бағытта бейжай қарауға жол берілмейді», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан бойынша сенбіліктер мен санитарлық тазалау шаралары жүйелі түрде жалғасатын болады. Аудан басшылығы бұл жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстайтынын жеткізді.