Жамбыл ауданында салық түсімдері бойынша есеп берілді

Жамбыл ауданында салық түсімдері бойынша есеп берілді

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған аппараттық кеңес Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының төрағалығымен өтті. Кеңес барысында Мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық бөлімінің басшысы Мәлік Абдуллаев салық саласындағы атқарылған жұмыстар мен қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады.

Баяндамада көрсетілгендей, қазіргі таңда Жамбыл ауданында 55 522 салық төлеуші тіркелген. Олардың ішінде 399 – заңды тұлға, 7347 – жеке кәсіпкер және 1715 – шаруа қожалығы.

Жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 7498,7 млн теңгені құрап, бұл көрсеткіш облыстық бюджетке түскен түсімнің 279,5%-ын, яғни 4113,4 млн теңгені құрады. Аудандық бюджеттің орындалуы 103,4% деңгейінде жүзеге асып, 3385,3 млн теңге көлемінде қаржы түскені атап өтілді.

Сонымен қатар, бірқатар күрделі мәселелер де тіркеліп отыр. Атап айтқанда, салықтың 13 түрінің 7-і бойынша өсім байқалмаған. Әлеуметтік салық, заңды және жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, көлік салығы мен сыртқы жарнамадан түсетін кірістердің төмендегені белгілі болды.

Осыған орай, Мәлік Абдуллаев салықтық түсімдерді арттыру бағытында нақты шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, ауылдық округтермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы жеке табыс, көлік және мүлік салығының көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатта аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары мен арнайы семинарлар ұйымдастырылып, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктелді.