Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Айшабибі орта мектебіндегі «соңғы қоңырауға» салтанатына қатысып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздарды мерекемен құттықтады.
– Құрметті түлектер, сіздермен үлкен өмірге аттанар сәттеріңізде кездескеніме қуаныштымын. Бұл күн түлектер үшін ерекше толқынысқа толы мерейлі сәт! Мектеп бітірушілердің көңілінде қуанышпен қатар қимас сезім де бар екені белгілі. Сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын!
Ардақты ұстаздар. Алдағы уақытта құшақтарыңызда қанатын қатайтқан жеткіншектер беделдеріңізді асқақтатып, аудан атын паш ететініне сенімім зор. Егемен елдің ертеңі жолында еңбек ете беріңіздер, - деді Ерлан Қыдыралыұлы өз сөзінде.
Биыл Айшабибі орта мектебінле 75 түлек түлеп ұшса, "алтын белгіге" 2, үздік атестатқа 14 үміткер бар болса, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 60 оқушы барады.
Салтанатты шара жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды
Жалпы өңіріміздегі 32 мектепте 10 005 оқушы білім алуда, оның ішінде 30 мемлекеттік мектепте 9 772 оқушы, 2 жекеменшік мектепте 233 оқушы. 2024-2025 оқу жылында 9-сыныпты 932 оқушы бітіреді, үздік аттестатқа үміткер 61 оқушы. 11-сыныпты 581 түлек бітіреді, 52 оқушы үздік аттестатқа, 22 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер.
Ауданда жалпы 5102 оқушыны жазғы лагерьмен қамту жоспарлануда. Мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлерін маусым айының 2-13 аралығында ұйымдастырылады. Онда 4798 оқушы қамтылады.