
Жамбыл облысында көктемгі кезеңге жоспарланған Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өз мәресіне жетті.
Осы ретте, ағымдағы жылдың 2–5 маусым аралығында Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Жамбыл обаға қарсы күрес станциясы және Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы мамандарының бірлесуімен КҚГҚ бойынша эндемиялық аймақтарға жататын Мойынқұм, Шу, Сарысу және Талас аудандарындағы елді мекендердің тұрғындарымен санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілді.
Іс-шаралар барысында эндемиялық елді мекендердегі 180 үйдің тұрғындарымен жалпы саны 252 түсіндіру және сұхбаттасу жұмыстары ұйымдастырылды. Тұрғындарға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қауіптілігі, аурудың жұғу жолдары, алғашқы белгілері, сондай-ақ кенеден қорғану және аурудың алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, халықтың ақпараттану деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік және ресми тілдерде әзірленген, КҚГҚ туралы мәліметтер мен сақтану жолдары көрсетілген 300 дана ақпараттық үнпарақ таратылды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу – тұрғындардың денсаулығын сақтаудағы маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде, мал шаруашылығымен айналысқан жағдайда және кене көп таралған аумақтарда болған кезде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.
Көктемгі кезеңдегі алдын алу жұмыстары аяқталғанымен, кене белсенділігі сақталатын уақытта әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қорғану шараларын ұстануы қажет. Кене шаққан жағдайда медициналық ұйымдарға дер кезінде жүгіну – аурудың алдын алудың маңызды кепілі.
Халықтың санитариялық мәдениетін арттыруға және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеуге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тиісті мекемелердің өзара іс-қимылы аясында жалғасын табатын болады.