Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

2026 жылдың 14 қаңтарында облыс әкімінің орынбасарымен «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Тараз қаласы және Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ, Шу аудандары тұрғындарын қорғау жөніндегі 2026 жылдың эпидемиялық маусымына арналған» кешенді жоспары бекітілді.

Аталған жоспар аясында облыстық бюджеттен жалпы көлемі 144,2 млн теңге қаржы бөлініп, трансферт арқылы аудан әкімдіктеріне жіберілді. Бөлінген қаражат есебінен қажетті акарацидтік препараттар сатып алынып, залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі қамтамасыз етілді.

2026 жылы эндемиялық аймақ ретінде анықталған 42 елді мекенде көктемгі және күзгі кезеңдерде көлемі 5,5 млн шаршы метрді құрайтын 24 329 қора-жай, 142 мың шаршы метр буферлік аймақ және 472 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларын залалсыздандыру жоспарланған.

Бекітілген жоспарға сәйкес көктемгі залалсыздандыру жұмыстары ағымдағы жылдың 20 сәуірінен басталды. Бүгінгі таңда көлемі 4 877 473 шаршы метрді құрайтын 22 680 қора-жайға, 124 532 шаршы метр буферлік аймаққа және 400 770 бас ауыл шаруашылығы жануарларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру іс-шараларын ұйымдастыруға қала және аудандық бюджеттер есебінен 132 млн теңге қаржы бөлінді. Осыған байланысты аудан әкімдіктері мен облыстық ветеринариялық станция арасында тікелей бір көзден алу тәсілі арқылы тиісті келісім-шарттар жасалып, кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда.

Қазіргі таңда жұмыстарға барлығы 40 маман жұмылдырылып, 10 ДУК арнайы автомашинасы мен 21 ранцтық дәрі шашқыш аппарат пайдаланылуда.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы жұмыстар облыс аумағында тұрақты бақылауда және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау мақсатында тиісті шаралар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.