
Бүгін Тараз қаласындағы «Облыстық көп бейінді онкология және хирургия» орталығында аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу және олардың таралуының алдын алу мәселелеріне арналған бірлескен семинар өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының, ветеринария басқармасының, сондай-ақ «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен өткізілді.
Семинарға тізімге сәйкес мүдделі мемлекеттік органдар мен мекемелердің мамандары қатысты.
Шараның негізгі мақсаты — адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу, оларды ерте анықтау, уақтылы диагноз қою және тиімді іс-қимыл алгоритмдерін жетілдіру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту болды.
Семинарда сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты аса қауіпті инфекциялық аурулардың клиникасы, диагностикасы, емі мен алдын алу шаралары, сондай-ақ Нипах вирусы бойынша әлемдегі эпидемиологиялық ахуал, оның таралу ерекшеліктері, клиникалық белгілері, диагностикасы мен емдеу тәсілдері туралы мәселелер қаралды. Баяндамалар барысында аталған аурулардың алдын алуда профилактикалық шаралардың маңыздылығына, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне және қауіп факторларын ерте кезеңде анықтаудың рөліне ерекше назар аударылды.
Сала өкілдері өз құзыреті шеңберінде баяндама жасап, практикалық мысалдар келтіре отырып, өзара ақпарат алмасу мен бірлескен әрекеттердің тиімділігін атап өтті. Спикерлер эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек бір ғана саланың емес, медицина, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және ветеринария салаларының тығыз ынтымақтастығын талап ететін ортақ міндет екенін жеткізді.
Семинар қорытындысында қатысушылар мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға және төтенше жағдайлар туындаған кезде үйлесімді әрі жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы уақытта да осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.