
Облыста ветеринариялық қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап қала және аудандардағы ветеринариялық мамандарға арналған біліктілікті арттыру курстары басталды.
Оқыту курстары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы РМҚ кәсіпорнының Жамбыл облысы бойынша филиалында ұйымдастырылып, онлайн және оффлайн форматта өткізілуде. Курстар аясында ветеринариялық сала үшін өзекті әрі аса маңызды екі тақырып қамтылған. Атап айтқанда, «Патогендігі I–II топтардағы аса қауіпті инфекциялар кезіндегі биоқауіпсіздік» және «Ветеринария бағытындағы қызметкерлерге қажетті заманауи құзыреттер» тақырыптары бойынша кешенді білім беріледі.
Аталған оқыту курстарын «Шәкәрім университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының білікті әрі тәжірибелі мамандары мен профессорлары, сондай-ақ Тараз қаласының ветеринария саласындағы жетекші мамандары бірлесіп өткізуде. Сабақ барысында қатысушыларға теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге бағытталған материалдар ұсынылып, ветеринариялық қауіпсіздік, биоқорғаныс талаптары, заманауи басқару тәсілдері мен кәсіби құзыреттер кеңінен түсіндірілуде.
Айта кету керек, әрбір оқу тобы белгіленген тақырыптар бойынша 2 апта көлемінде толыққанды білім алып шығады. Бұл өз кезегінде ветеринариялық мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, олардың функционалдық міндеттерін сапалы әрі тиімді атқаруына оң әсерін тигізеді.
Жалпы, ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін облыс бойынша 1055 ветеринариялық маман осы курстардан өтеді деп жоспарлануда. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған қатысушыларға тиісті сертификаттар табысталатын болады.
Аталған шара өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуге, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға және ветеринария саласындағы кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.