Ақпараттық және киберқауіпсіздік бойынша жиналыс өтті

Ақпараттық және киберқауіпсіздік бойынша жиналыс өтті

Басқармада ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жоспарлы жиналыс өтті. Жиынға ұжым қызметкерлері қатысты. Жиын барысында мекеме қызметінде ақпараттық ресурстарды қорғау, қызметтік деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық ортадағы қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері кеңінен қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес Әкімшілік, ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Исаков Мират Нұрғалиұлы баяндама жасап, ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы негізгі талаптарға тоқталды. Ол кибершабуылдардың алдын алу, фишингтік хаттар мен зиянды сілтемелерден сақтану, қызметтік компьютерлер мен ақпараттық жүйелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жеке логиндер мен құпиясөздерді қорғау, оларды бөгде тұлғаларға бермеу және қызметтік ақпаратты тек белгіленген байланыс арналары арқылы тарату мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ жиын барысында мұрағат, істер номенклатурасы және құжаттандыру (документология) мәселелері бойынша Ешмуратова Үміт Үмбетқызы түсіндірме жасады. Ол құжат айналымын дұрыс ұйымдастыру, істерді қалыптастыру тәртібі және құжаттарды рәсімдеу талаптарын сақтау мәселелеріне тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Басқарма басшысы ақпараттық және киберқауіпсіздік қазіргі таңда әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Ол цифрлық технологияларды пайдалану барысында киберқауіптерге бейқам қарамау қажеттігін айтып, ұжым қызметкерлерін ішкі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сонымен қатар, ақпараттық және киберқауіпсіздік талаптарымен қатар, құжат айналымы мен мұрағаттық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бойынша да бақылауды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Жиын қорытындысы бойынша ақпараттық және киберқауіпсіздік, сондай-ақ құжат айналымы саласындағы жұмыстарды жүйелеу, ықтимал тәуекелдердің алдын алу және белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.