
Басқарма басшысы Бетбаев Бақыт Аязұлының төрағалығымен салалық бөлім басшыларының, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ветеринариялық ұйым басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті.
Жиналыс барысында 2026 жылға жоспарланған ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес, жануарлар арасында аурулардың алдын алу, эпизоотиялық ахуалды тұрақты деңгейде сақтау мақсатында диагностикалық және профилактикалық іс-шараларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізу мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар басқарма басшысы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, жануарларды уақтылы бірдейлендіруді жүргізу, оларды ақпараттық дерекқорға нақты тіркеу, мал басын есепке алу, сондай-ақ сатылуына, сойылуына немесе басқа да себептерге байланысты есептен шығару жұмыстарын талапқа сай әрі дер кезінде орындау қажеттігін тапсырды. Бұл шаралар ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуге, мал қозғалысын қадағалауға және аурулардың таралу қаупін төмендетуге бағытталғаны атап өтілді.
Бақыт Аязұлы ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуына үлес қосу екенін атап өтіп, сала мамандарына жауапкершілікті күшейтіп, жұмыстарды нақты жоспарға сәйкес ұйымдастыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, жиналысқа қатысқан облыс әкімі аппаратының өкілі ведомстволық бағынысты ұйымдарды бірыңғай кадр жүйесіне (әрі қарай-БКС) қосу мәселесі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бірыңғай кадр жүйесін енгізу кадрлық процестердің ашықтығын арттыруға, кадрларды басқаруды цифрландыруға және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша басқарма басшысы барлық көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізіп, тиісті құрылымдық бөлімшелер мен ұйым басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Алдағы кезеңде белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуы ветеринариялық саланың тиімділігін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.