
Облыс аумағында эпизоотиялық ахуалды тұрақты деңгейде ұстап тұру және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында облыстың ветеринариялық қызметіне 50 бірлік «Нива» маркалы қызметтік автокөлік, заманауи ветеринариялық құрал-жабдықтар, сондай-ақ сала мамандарына арналған арнайы қыстық киімдер салтанатты түрде табысталды. Жаңа автокөліктер мен жабдықтар шалғай орналасқан елді мекендерде қызмет атқаратын ветеринар мамандардың жедел әрі сапалы жұмыс істеуіне, індеттердің алдын алу және шұғыл әрекет ету шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Қарашөкеев Ербол Шырақпайұлы және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, ветеринария саласының қызметкерлеріне қызметтік автокөліктердің кілттерін табыс етті. Өңір басшысы өз сөзінде ветеринария саласының өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау – халықтың денсаулығын қорғау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі екенін жеткізді. Сондай-ақ сала мамандарының еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта да көрсетілетін қолдау жалғасын табатынын айтты.
Айта кету керек, ветеринариялық қызметті дамыту, материалдық-техникалық базаны кезең-кезеңімен жаңғырту және мамандардың еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Еске сала кетсек, жыл басында облыстық бюджет есебінен ветеринариялық ұйымдарға 50 бірлік «Нива» маркалы автокөлік, 160 дана термочемодан мен ветеринариялық құрал-жабдықтар, сондай-ақ жаздық арнайы киімдер табысталған болатын. Бұл шаралар ветеринария саласының әлеуетін арттырып, өңірдегі эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпал етуде.