Жамбыл облысында ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық гигиена тақырыбында семинар өтті

Жамбыл облысында ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық гигиена тақырыбында семинар өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 7-9 қазан күндері Тараз қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық гигиена» тақырыбында үш күндік семинар өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәдениетін қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру және азаматтардың цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту болды.

Семинар жұмысына облыс әкімдігі басқармаларының, қала және аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мамандары қатысты.

Бағдарлама барысында қатысушыларға заманауи киберқауіптердің түрлері, интернет-ресурстармен қауіпсіз жұмыс істеу әдістері, дербес деректерді қорғау, фишинг пен әлеуметтік инженериядан сақтану жолдары, сондай-ақ сандық этика мен цифрлық гигиенаның маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Семинар аясында қатысушылар үшін интерактивті талқылаулар, тәжірибелік тапсырмалар және нақты мысалдарға негізделген тренингтер ұйымдастырылды. Мамандар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Мұндай семинарлар мемлекеттік қызметшілер мен сала мамандарының киберқауіпсіздік бойынша білім деңгейін арттырып, өңірде цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға оң ықпал етпек.