Облыс бойынша 2025 жылдың 1 тамызына 3 миллион 450 мыңға жуық қой-ешкі бар. Бүгінгі таңда мал тоғыту жұмыстары облыстың ауылдық елді мекендерінде қарқынды жүргізілуде.
Өткен ғасырда ұйымдасқан агроқұрылымдардың әрқайсысында мыңдаған қой малы өсірілген кезде қой-ешкілерді тоғыту өзінше бір науқан болып өткізілетін. Қазіргі таңда қой-ешкілердің барлығы жеке шаруа қожалықтарында немесе жеке тұрғындарда болуына байланысты мал тоғытуды әркім өз білгенімен жүргізуде. Жүргізілсе де көптеген мал иелері малды қалай тоғыту, қандай препараттар қолдану туралы толық біле бермейді, одан кейін нәтижесі де нашар болады. Сондықтан да мал тоғыту іс-шаралары малдәрігерінің қадағалауымен жүргізілгені жөн болады.
Облыс аумағында барлығы 156 мал тоғытпалары бар, олардың 14-нің құрылысы бюджет қаражатынан (Байзақ-2,Жамбыл-3,Сарысу-5,Талас-3, Мойынқұм-1аудандарында) жүргізілген, қалғандары жеке шаруашылықтардың иелігінде. Бірақ бұл тоғытпалар әлі де жеткіліксіз болуына байланысты өткен жылы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында пилоттық режимде, жеке-мемлекеттік әріптестік әдісімен типтік үлгідегі ветеринариялық пункт ғимаратымен бірге мал емдеу алаңы мен мал тоғытпасының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Ағымдағы жылы осындай 40 ғимарат құрылысы мал емдеу алаңы мен мал тоғытпасымен бірге соғу жоспарланып, 44 нысанның құрылысы жүргізілуде. Осы құрылыстар жыл соңына дейін аяқталса, облыс аумағында мал тоғытпаларымен қамтамасыз ету деңгейі едәуір жоғарылайтыны сөзсіз.
Мал тоғыту барысында мынандай талаптар сақталуы тиіс: қандай препарат қолдану, препараттың пайыздық мөлшері, судың температурасы, жануардың ерітіндіде болатын уақыты (1 минут экспозиция).Осы талаптар нұсқаулықтарға сәйкес сақталынған жағдайда мал тоғыту сапалы өткізіледі.
Қойларда псороптоз (қотыр)ауруы жиі кездеседі. Ол ауру қой шаруашылығына орасан зор шығын келтіреді.Ауырған мал азады, жүні түсіп қалады, қыс мезгілінде өлім-жітімге де ұшырайды. Оның профилактикасы қой қырқу науқаны аяқталғаннан кейін мал тоғытпаларында шомылдыру. Неоцидол, диазинон, бутокс препараттары жақсы нәтиже береді. Тек ерітіндідегі пайыздық мөлшері сақталуы тиіс, мысалы диазинон, неоцидол препараттары 240 литр суға 100 грамм мөлшерімен қосылады, бутокс 100 литр суға 100 грамм мөлшерінде. Және де жануар денесіне тез жұғу үшін судың температурасы 20 градустан төмен болмауы тиіс.
Псороптозға қарсы профилактикалық тоғыту 1 рет жүргізіледі, ал псороптозға шалдыққан жануарлар тіркелген кезде 7-10 күннен кейін қайталап тоғыту қажет. Өйткені кенеге қарсы қолданылатын препараттар қотырға шалдыққан малдардың денесіндегі ересек кенелерді ғана жояды, олардың жұмыртқалары мен личинкалары 7-10 күнде ересек кенеге айналады, сондықтан да екі рет тоғытпаса псороптоз қайта өршиді.
Сонымен қатар, шаруашылықты кенелерден толық арылту үшін мал қоралары мен шарбақтарын да кенеге қарсы препараттармен залалсыздандыру қажет.
Жалпы, мал тоғыту жылына екі рет жануар денесіндегі эктопаразиттерден арылту үшін арнайы дезинсекциялық препараттар ерітіндісінде жасалады.
Бір атап өтерлігі, қойларды тоғыту кененің барлық түрінен, паразиттерден, биттерден және тағы басқа тазарту үшін маңызды.