Әлемнің бірқатар елдерінде жыл сайын сәуірдің соңғы сенбісінде халықаралық ветеринария күні атап өтіледі.
Өткен жылдан бастап Қазақстанда ветеринариялық қызметкер күнін 10 шілдеде атап өту белгіленді, өйткені бұл күні «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының бірінші заңы қабылданды.
Аталған мерекені тойлау сала қызметкерлерін ынталандыруға және ветеринарияның стратегиялық маңыздылығын айқындауға сеп болмақ. Сонымен қатар, эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы және мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетінің артуы қауіпсіз өнім өндіруді қамтамасыз ететін ветеринария жүйесімен тығыз байланысты.
Осы кәсіби мерекені атап өту мақстында ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Меркі ауылында «Көккөл» демалыс орталығының базасында ветеринария қызметкерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтап, түрлі наградалармен марапаттады.
Айта кету керек, марапат алушылардың арасында Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының әкімшілік, ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Санат Насурлаев ҚР АШМ «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Марапаттау рәсімінен кейін ветеринариялық мамандар арасында ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, көңіл-күй қуанышқа толы болды. Сонымен қатар, сала қызметкерлеріне арналған концерттік бағдарлама қойылды және мерекелік дастарқан жайылды.