31 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

31 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

          Қазақстанда 1997 жыл¬дан бері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбан¬да¬рын еске алу күні аталып келеді.
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа қазақ зиялылары ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
           Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы барлығы тоталитарлық жүйенің орыстандыру-шоқындыру, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі.
Мәселен, Қазақстанға 1936-1957 жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқалар да өз еркімен келген жоқ. Барлығы 1,5 млн адам көшіп келді.
Сонымен қатар 31 мамыр – ашарлықта қаза тапқандарды еске алу күні. Қазақ даласында ашаршылық 2 рет болды: 1921-1922 және 1932-1933 жылдар.
           Голощекин Қазақстанға бірінші хатшы боп келгеннен кейін бұл процесс ашық түрде жүргізілді. «Голощекин геноциді» жөнінде айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аударған жөн. Оған 1926-27 жылдардағы ауқатты шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болған. Малды тартып алған соң, халық қынадай қырылған. Тіпті бір-бірінің етін жей бастаған.
1921-1922 жылдары ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді.
Кейбір деректерге сәйкес, 1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады.
1922 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда ашаршылық ушығып кетті.
           ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. Ал 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-ы қазақтар, 31,2%-ы орыстар, 14,4%-ы украиндар.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекті көпшілікке таныстыру рәсімі өтті.