2020 жылы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласында жүргізілген жұмыстар туралы және 2021 жылы жоспарланған жұмыстар туралы

2020 жылы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласында жүргізілген жұмыстар туралы және 2021 жылы жоспарланған жұмыстар туралы

           11.02.2021 жылы аудан әкімдіктері, «Қазавтожол» ҰК АҚ, «Ұлттық жол активтерінің Сапа орталығы» ШЖҚ РМК,  «Көліктік бақылау инспекциясы» ММ аумақтық бөлімдері, Жергілікті полициясы қызметі өкілдерінің қатысуымен Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2020 жылы атқарылған жұмыстар мен 2021 жылғы жоспары бойынша жылдық есебі өтті.

          Оның барысында тек атқарылған жұмыстар айтыла қоймай, орын алған кемшіліктер, олардың алдағы уақытта қайталанбау жолдары да қаралды.

          Жалпы өткен жылда атқарылған жұмыстардың есебін қысқаша атап өтетін болсақ, барлық бюджет көздерінен жол саласына 27,6 млрд.теңге бөлініп, 1111 жоба іске асырылды.

          Оның ішінде:

          - «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 23 жоба;

          - «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен – 84 жоба;

          -«Жұмыспен қамту»жол картасы – 827 жоба;

          - Үкімет резерві – 96 жоба;

          - Жергілікті бюджеттерден - 81 жоба;

          Бөлінген қаржы есебінен жалпы 1316,2 шқ жол жөндеумен қамтылды.

          О.і.; 18 шақырым жаңа жол құрылысы, 6,1 шақырым қайта жаңғырту және 1292,1 шақырым ағымды және орта жөндеулер жүргізілді.

          Атап айтсақ:

          180,57 шқ – облыстық маңызы бар автожолдар /7,4 шқ - құрылыс; 6,1 шқ – қайта жаңғырту; 167,07 шқ орта жөндеулер/;

          139,3 шқ – аудандық маңызы бар автожолдар  /10,6 шқ. – құрылыс; 128,7 шқ - орта жөндеулер/;

          996,33 шқ – елді мекен көшелері /ағымды және орта жөндеулер/;               Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі нысаналы индикаторы 85 %-дан 90%-ға, елді-мекен көшелерінің көрсеткіші 76,0 % (2019 – 59,5%) жеткізілді.

            Жол жөндеу жұмыстарының сапасына келетін болсақ, бұл бағытта бөлінген 163,9 млн.теңгеге «Жол активтерінің Сапа орталығы»-мен бірлесіп тұрақты жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмыстары әлеуметтік желілерде онлайн режимде жарияланып, халыққа ашықтық қамтамасыз етілді.

          Жыл басынан Сапа орталығымен 1031 /о.і.: 661 – республикалық; 295 – жергілікті; 75 – көшелер/ жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 1314 /о.і.: 375 – республикалық; 818 – жергілікті; 121 – көшелер/ сынама алынды. Нәтижесінде, 153 ескертулер мен кемшіліктер беріліп, жобаларды іске асыру барысында жойылды.

          Атап айтатын болсақ, кемшіліктердің 121 республикалық жолдарда, 32 жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекен көшелерін жөндеу нысандарында орын алған.  

          Осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады.

Жол көлік оқиғалары:

          2020 жылы облыста 942 жол көлік оқиғалары тіркеліп, салдарынан 164 адам қаза тауып, 1411 адам әр-түрлі жарақаттар алған. 

          Оның ішінде, республикалық жолдарда – 187,  жергілікті жолдарда – 139,  елді мекен көшелерінде – 616 жол көлік оқиғалары орын алған.

          2019 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда  жол-көлік оқиғалар саны – 23,0% (1223-тен 942-ге), әр-түрлі дене жарақатын алғандар саны – 28,0% (1960-тан 1411-ге), қаза болғандар саны – 10,4% (183-тен 164-ке) төмендеген.

          Сараптама көрсетіп отырғандай, жол-көлік оқиғаларының  99,7% автокөлік жүргізушілерінің жауапкершілігінен, атап айтқанда, жолда жүру ережелерінің, оның ішінде басым бөлігі жүргізушілермен жолда жүру ережелерін сақтамауынан орын алған.

Автожолдардың жөндеуден өткеннен кейін мерзімінен бұрын бұзылуына алып келетін факторлардың бірі /HOWO, SHACMAN және т.б/ Қытай өндірісінің өзі аударғыш ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруі. Аталған жүк көліктері карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналған көліктер екендігін ескеретін болсақ, 40 тонналық жүктің тасымалдануына жергілікті маңыздағы жолдар шыдамауда.

Бұл тұрғыда, автожолдармен бақылаусыз жүретін ауыр салмақты жүк көліктеріне шектеу қою іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2020 жылдың 12 айында Инспекциямен бірлескен рейдтерде 5569 автокөлік құралдары тексерілді. Нәтижесінде, 1073 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 42,7 млн.теңге айыппұл салынды. Қазірге, жергілікті бюджетке оның 37,9 млн.теңгесі өндірілді. 

          2021 жылдың жоспарына келетін болсақ, қазіргі таңда, жалпы жол саласына республикалық және облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 1,9 млрд.теңге – республикалық, 1,8 теңге – облыстық бюджеттерден.

          Бөлінген қаржының 809,9 млн.теңгесі 2019 жылдан өтпелі «Тараз қаласын Қырғызстан шекарасына оңтүстіктен айналма» автожолының құрылысын аяқтауға бағытталса,                 2 305,7 мың.теңгеге 4 нысанда 70 шқ. облыстық маңызы бар жолдарды орта жөндеу, 585,0 млн.теңгеге жолдарды күтіп ұстау жұмыстары атқарылатын болады. Сондай-ақ, 15,0 млн.теңге «Жол активтерінің Сапа орталығы»-ның зертханалық сараптамаларына жұмсалмақ.

          Қазіргі таңда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен 2021 жылға белгіленген 95% межесіне қол жеткізілуі үшін ҚР ИИДМ-не республикалық бюджетті нақтылауда  қосымша 31 жобаның 50/50% паритеті бойынша іске асырылуына 4,0 млрд.теңге қаржы бөлінуіне бюджеттік өтінім берілді. 

          Оған қоса, республикалық бюджетті нақтылауда «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында тірек және спутниктік елді мекендердің көшелерін жөндеуге 3,1 млрд.теңге /76 жоба/ қаржы бөлінуі жоспарланған.

          Салаға қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, хаттамаға енгізілді:

          Атап айтсақ:

          1) 2021 жылға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында атқарылуы қажет жұмыстар кешені бойынша іс-шаралар ЖОСПАРЫ аясында:

          - А.ж. 20 сәуіріне дейін, Нұсқаулыққа сәйкес жергілікті маңызы бар автожолдар мен оның жасанды ғимараттарының (көпірлер мен құбырлар) техникалық жағдайына комиссиялық кешенді көктемгі байқау жұмыстарын жүргізу;

          - Оның барысында жөндеуден өтіп кепілдемелік мерзімде тұрған нысандарда ақаулар мен кемшіліктер анықталған жағдайда, олардың мердігермен берілген кепілдеме аясында өз есебінен жойылуын қамтамасыз ету;

          - Алда су тасқыны кезеңінің келіп қалғандығын ескере отырып, оған қажетті ресурстық, материалдық дайындық жүргізе отырып, жедел шаралар қабылдау мақсатында кезекшілік ұйымдастыру;

          - Көктем мезгіліндегі жол төсемінің қатты ылғалдануы кезеңінде жол бөлімдерінде көліктің бір білікке түсетін салмағына 8 тн. дейін шектеу қою шараларын қабылдау;

          - Автожолдарды сақтап қалу мақсатында, Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен артық салмақты ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау жұмыстарын ұйымдастыру;

                - Мәселенің өзектілігіне байланысты, автожолдар мен елді мекен көшелерін инженерлік коммуникациялардың ашық тәсілмен қиып өтуіне жол бермеу, техникалық шарттар алып өткен жағдайында жол жамылғысының сапалы қалпына келтірілуін қамтамасыз ету;

          - Автомобиль жолдарында орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасау,  оқиғалар шоғырланған жол бөліктерінде  оларды алдын-алу, болдырмау бойынша  ұсыныстар енгізу;

          2) Қолданыстағы жолдардың ұзақ мерзім қызмет етуі мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудан әкімдіктері тарапынан жолдарды күтіп ұстауға тұрақты түрде қаржы қарау;

          3) «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында тірек және спутниктік елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарына байланысты, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»-мен бірлескен жұмыстардың оң нәтижесін назарға ала отырып, Аудан әкімдеріне берілген өтінімдерге сәйкес нысан санына қарай қажетті сынамалар есептерін шығарып, бұл мақсатқа қаржы бөлу;

          4) Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол бойындағы сервис объектілерін дамыту, бұл бағытта «Казавтожол» ҰК АҚ-мен жұмыс жасай отырып, сервис нысандарын дамытуға қызығушылық танытқан инвесторлар мен кәсіпкерлерді тартуды қолға алу.

          Көлік саласы бойынша:

         Жамбыл облысы бойынша 341 елді мекенді аудан және облыс орталықтарымен байланыстыратын 175 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның ішінде 19 маршрут облысаралық, 29 – ауданаралық, 75 – ауданішілік және ауылішілік, 42 – қалалық болып табылады.

         Бұл бағыттарда 1237 бірлік автобуспен (204-облысаралық, 158-ауданаралық, 300 - ауданішілік, 575 – қалалық және қала маңындағы) 28 тасымалдаушы қызмет көрсетеді.

         Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленген, жыл сайын кемінде 50 бірлік автобустарды жаңарту жұмыстары бақылануда. 2021 жылы отандық өндірушілерді қолдау жобасы негізінде лизингке 100 автобус алу жоспарланған.

         «Цифрлы Қазақстан» мемілекеттік бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерде электрондық билеттендіру жүйесі 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап («Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС жеке инвестиция есебінен) іске қосылды.

Электронды бірыңғай жолақысын төлеу үшін тариф көлемі – 65 теңге, оқушыларға 30 теңге, қолма – қол төлеу тариф көлемі – 130 теңге, оқушыларға 65 теңге көлемінде белгіленеді. (Тараз қаласы әкімдігінің 15.07.2020 №2107 қаулысы).

Облыс әкімінің қолдауымен өзін-өзі ақтамайтын «Шу – Мойынқұм – Ақбақай» және «Тараз – Шығанақ» автобус бағыттары Әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттары ретінде танылып, бүгінгі таңда облыстық бюджеттен субсидияланады.

Аудандар тарапынан, әлеуметтік маңызы бар 8 маршрут (Мойынқұм ауданы - 4 маршрут, Шу ауданы – 2 маршрут, Меркі, Сарысу аудандары 1 маршруттан) ұйымдастырылған.

Стихиялық тұрақтарды және жолаушылардың заңсыз жолмен тасымалдануын жою мақсатында заңсыз такси және автобус тасымалымен айналысушылардың қызметіне бақылау жүргізу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген.

2020 жылы облыс орталығындағы Тәуке хан мен Б.Момышұлы көшелері қиылысы «Жансая» аумағында, Сүлейменов көшесі «Сельпо» маңындағы стихиялық тұрақтардың күшін жою мақсатында, жолаушыларға қызмет көрсету пунктері («НаркесСтройМаркет» ЖШС, «ЭкспресСервис» ЖШС) салынды.

         Аудан әкімдіктері тарапынан, заңсыз тасымал мен стихиялық тұрақтарды жою бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.

         Алайда, аудан орталықтарынан заңсыз таксистер мемлекетке ешқандай салық төлемей, көлігін техникалық тексеруден өткізбей қатынауда. Іс-шара жоспарына сәйкес жүйелі жұмыстар жүргізілмейтіндігі ескеріліп, аталған бағытта жұмыстарды жандандыру бойынша тапсырмалар берілді.

         Автовокзал, автостанция және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері тізіліміне қазіргі уақытта 1 автовокзал, 8 автостанция және 8 жолаушыларға қызмет көрсету пункті енгізіліп, халыққа және тасымалдаушыларға қызмет көрсетуде.

         Байзақ, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов аудандарына қарасты автостанцияларды Жуалы ауданындағы жолаушыларға қызмет көрсету пунктін ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша тапсырмалар берілді.