«Көне Тараз» Этно-мәдени орталығы Тараз қаласының орталық бөлігіндегі «Самарқанд» технологиясы бойынша қаптау кірпішін пайдалана отырып шығыс стилінде салынған сәулеттік ғимараттар кешені болып табылады. Кешенге: облыстық өлкетану мұражайы, «Руханият» орталығы, қолөнершілер және туризм орталығы, көркем галерея, көрме павильоны және амфитеатр, сондай-ақ 39 метрлік биіктіктегі мұнара сағаттары орналасқан.
«Көне Тараз» этно-мәдени орталығы мен «Ежелгі Тараз» археологиялық паркі және "Қарахан" тарихи кешені бір –бірімен ансамбль болып ұзындығы 1 км жаяу жүргендерге арналган Арбат бой көтерген. Мұнда орналасқан екі қабатты тұрғын үйлер де шығыс стилінде безендірілген. Көше бойында фонтандармен, шағын сәулет нысандармен безендірілген ұзындығы 350 м канал өтеді.
«Көне Тараз» Этно-мәдени орталығы Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан ежелгі шығыс мәдениетінің көрініс ретінде, Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасын әлемдік аренада сақтауға және танымал етуге ықпал етуде.