“ТЕКТҰРМАС” ЭТНО-ТАРИХИ КЕШЕНІ

“ТЕКТҰРМАС” ЭТНО-ТАРИХИ КЕШЕНІ

2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығы мерейтойына орай өңірде бірінен кейін бірі жаңа нысандар бой көтерді. Соның бірі – "Тектұрмас" этно-тарихи кешені. Бұл айрықша нысан Талас өзенінің жоғарғы жағалауындағы "Тектұрмас" тауының биік таулы беткейінің 24 гектар аумағын алып жатыр. Ол тарихнама іспеттес бой көтерген. Себебі мұнда орналасқан мүсіндердегі жазулар Тараздың қалыптасу тарихынан сыр шертеді. Этно-тарихи кешен аумағына кіре бергеннен-ақ алып қақпа тектіліктің бейнесіндей елестейді. Шығыс стилінде салынған қақпаның биіктігі - 10, ені 14 метрді құрайды. Екі жағына күзет тұратын биік мұнаралар орнатылған. Мұнаралардың жанында бойы 2 метр, салмағы 300 килограмм болатын найза және қылышпен қаруланған сауытты қос жауынгердің мүсіні тұр. Баспалдақтың екі жағына ақ тастан жасалған ескерткіштерге Тараз өңірінен шыққан Тараз тарихының тұлғалары – он төрт қаған мен ойшыл ғұламаның есімі, билік еткен ғасырлары қашалып таңбаланған. Баспалдақпен жоғары көтерілген соң ең биікте Тараз қаласының негізгі символы – ұлы Әулиеатаның ескерткіші тұр. Салмағы 10 тонна болатын ақ түсті мәрмәр тастан құйылған еңселі ескерткіштің постаментінің биіктігі - 8 метр, ал мүсінінің биіктігі 13 метрді құрайды.