«Тараз – қауіпсіз қала»: жастармен бірге»

«Тараз – қауіпсіз қала»: жастармен бірге»

Тараз – қауіпсіз қала»: жастармен бірге»

 
«Баласағұн» орталық концерт залында «Тараз – қауіпсіз қала»: жастармен бірге» атты ауқымды форум өтті.
 
Тараз қаласы әкімдігі мен полиция қызметінің ұйымдастыруымен өткен жиын шымылдығы қоғамдағы тәртіпсіздік пен жауапсыздықтың салдарын бейнелейтін театрландырылған көрініспен түрілді.
 
Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз алып, аталмыш басқосудың маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі екенін атап өткен болатын. Расында, қазіргі қоғамда заң мен тәртіп — дамудың және әділеттіліктің кепілі. Олар қоғамды тиімді басқару үшін қажет. Заң мен тәртіпті бұзу қоғамда хаосқа, қылмыс пен арандатушылыққа әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті, бұл екеуінің орындалуы тек мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін маңызды.
«Тәрбие тал бесіктен беріледі» демекші, әділетті қоғам құруда жастардың қосар үлесі көп болары анық. Сондықтан әділеттілік пен адамгершілікті жастардың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету – бүгінгі білім беру орындарының басты міндеті, – деген Ербол Шырақпайұлы әр салада адалдық салтанат құрғанда ғана әділ қоғам орнайтынын жеткізді.
 
Сонымен қатар Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев та өз сөзінде заң мен тәртіптің үстемдігі – «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті.

 

Форум барысында «Жайдарман» ойындарының танымал жұлдыздары Елдос Қадірханов пен «Миллион» командасы, сондай-ақ «Дарын» сыйлығының иегері, «Алтын домбыра» мектебінің негізін қалаушы Ескендір Ибрагим әсем әндермен, астарлы әзілдермен көпшілікке ұмытылмас әсер сыйласа, ақын, жазушы, аудармашы Абай Қалшабек жастар тәрбиесі, әділетті қоғам және өзге де өзекті тақырыптар төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.