Ғасырлардан мұра болған құнды қазына

Ғасырлардан мұра болған құнды қазына

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Ұлттық кітап күніне орай және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Ауыл береке» базарында «Кітап – ғасырлар мұрасы» атты көшпелі кітап керуені өтті.

Кітап пен ғылымды кеңінен насихаттап, ғылыми-танымдық әдебиеттерге, шетелдік және қазақстандық қаламгерлердің шығармашылығына деген қызығушылықты арттыруды мақсат етіп, ашық аспан астында ерекше форматта ұйымдастырылған шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова арнайы қатысты. Гүлдана Әлімжанқызы көшпелі кітап көрмесін аралап көріп, кітапхана ұжымының бастамасына жоғары баға берді. Ол өз сөзінде кітаптың қоғам айнасы, руханият тірегі екенін айрықша атап өтіп, осындай мәдени іс-шаралардың ел болашағына берері мол екенін жеткізді.
Осы ретте көшпелі кітап көрмесі «Тарихи тұлғалар және ұрпақтар жалғастығы», «Қасиетті шаһар, қастерлі өңір: тарихы, қалалары, ескерткіштері», «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан», «Қазақ сөз өнерінің наркескені, халық жазушысы Шерхан Мұртаза», «Тараз мұралары» атты тарихи-танымдық энциклопедиялық жинақтар және «Жергілікті ақын-жазушылар – құрмет төрінде» атты бірнеше мазмұнды бағытты қамтығанын айта кеткен жөн.

Мәдени шара барысында «Ақынға», «Қазақ қызы», «Ұлы Жеңіс шаттығы», «Желдірме», «Шырын Мамасеріковаға арнау әні», «Жаса, қазағым!» сынды рухты әндер шырқалып, көңіл сергітер викториналық ойындар ойнатылды.