Жылыту маусымының аяқталуы бойынша штаб отырысы өтті

Жылыту маусымының аяқталуы бойынша штаб отырысы өтті

Таразда жылыту маусымы 14 сәуір күні аяқталады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымының аяқталуы бойынша штаб отырысы өтті.

Ең әуелі Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев жылыту кезеңінің өту барысына кеңінен тоқталды.

– Шаһардағы отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеп, жылу көздерінде температуралық кесте сақталуда. «QAZAQGAZ AIMAQ» кәсіпорнымен жасалған келісім-шарттарға сай жылу өндіруші кәсіпорындарға табиғи газ тұрақты жеткізілуде.
«Қазгидромет» мекемесі ұсынған сәуір айына арналған ауа райы болжамына сәйкес, сәуірдің 11-і мен 13-і аралығында күндіз +27°C-қа дейін, ал орташа ауа температурасы +20°C-қа дейін көтеріледі деп күтілуде. Одан әрі 14-і мен 18-і аралығында күндіз +10°C-қа дейін, ал орташа ауа температурасы +7°C-қа дейін төмендейді деп болжануда, – деген Ғабит Серғазыұлы ауа райы болжамына сәйкес температураның бірқалыпты тұрақталуына байланысты жылыту маусымын сәуір айының 14 күні аяқтауды ұсынды.

Бұдан кейін «Таразэнергоорталық» мекемесінің бас инженері Әбутәліп Серікбаев пен «ТаразТрансЭнерго» мекемесінің директоры Арман Бектибаев та күн тәртібіндегі мәселе жөнінде баяндама жасады.

Шаһар басшысы өз кезегінде келесі жылыту маусымына дайындыққа қазірден бастап кірісу керектігін қадап айтты.

– Шын мәнінде биыл жылыту маусымы қалыпты өткенімен, кемшіліктер де кездескенін жоққа шығара алмаймыз. Тұрғындар тарапынан да біршама арыз-шағым түсті. Сондықтан келесі жылыту маусымының дайындығын осы бастан қолға алу қажет. Ең әуелі емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың жылу желілеріне баса назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ жатақханалардың жағдайы да назардан тыс қалмауы қажет. Сол себепті жылыту маусымы аяқталғаннан кейін орын алған әрбір кемшілік бойынша тиісті сараптама жүргізіліп, кешенді жоспар түзілгені жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.