Тұрғындарды медициналық сақтандырумен қамту мәселелері қаралды

Тұрғындарды медициналық сақтандырумен қамту мәселелері қаралды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен халықты мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту бойынша қалалық штаб отырысы өтті.

Ең әуелі шаһар басшысы аталған жиынның маңыздылығына айрықша тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, халықтың әлеуетін арттыруда әлеуметтік саланың салмағы, оның ішінде «Отбасының цифрлық картасы» аса өзекті болып отыр. Қала халқының кедейшілік шегінен төмен «Д және Е» санаттарындағы отбасылардың санын азайту мақсатында қалалық штаб, жұмысшы топтар құрылып, ережесі мен жұмыс алгоритмі бекітілген болатын. Дегенмен, әлі де өзектендіру бағытында бірқатар мәселе орын алуда, - деген Бақытжан Әмірбекұлы осы бойынша белгіленген межелі міндеттердің орындалу барысына ден қойды.

Бұдан кейін Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова білім саласындағы «Д», «Е» санаттарындағы отбасыларға қатысты атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Оның айтуы бойынша, мектеп жасындағы «Д» санатындағы отбасынан шыққан 1 456, «Е» санатындағы 269 бала бойынша тізімде көрсетілген мекенжайлары арқылы мектептің әлеуметтік педагогтері бөлінген аумақтарды аралап, анықтау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, шетелге көшіп кеткен 80 баланың тізімі миграция бөліміне, көрсетілген мекенжайда тұрмайтын 1135 баланың тізімі жергілікті полиция басқармасына, тұрғылықты мекенжайы белгісіз 2 981 баланың деректері АХАТ бөліміне жолданған.

Келесі кезекте Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов «NEET» санатындағы жастардың жағдайы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Даурен Бұрханов тұрғындардың міндетті медициналық сақтандырумен қамтылуы, Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Бөгенбаев қорда аударымдары жоқ жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермелік қожалықтардың әлеуметтік төлемдері, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айгүл Сыдықова тараздықтарды профилактикалық егулермен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.