
«Ұлы дала» шағын ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 2 000 орындық №69 орта мектеп пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар және қала тұрғындары қатысты.
Ең әуелі Ербол Шырақпайұлы көпшілікті қуанышымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда. Жоба білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі – оқушы орнының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге бағытталған. Сондай-ақ оқу ордасы озық технологиялармен жабдықталып, оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық жағдай жасалған.
Жылдан-жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де сапалы білім керек. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету – өңірді дамытудың негізгі бағытының бірі болып қала береді, – деген аймақ басшысы мектеп оқушылары мен ұжымына арнайы сертификатты табыстады.
Келесі кезекте еңбек ардагері Нұрымбет Қарабаев ақ батасын беріп, облыс әкімімен бірге оқу ордасының лентасын қиды.
«Отау-Строй» ЖШС мердігерлігімен бой көтерген білім ұясы оқу кабинеттері, зертхана, шеберхана, кітапхана, робототехника және медициналық кабинеттермен, заманауи құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген.
Еске сала кетейік, бұл – аталмыш жоба аясында Тараз қаласында есігін айқара ашып отырған үшінші оқу ордасы. Бұған дейін «Бәйтерек» (13) және «Ұлы дала» (15) шағын аудандарында 1200 орындық білім ордасы ел игілігіне берілген болатын. Сондай-ақ «Шөлдала» алқабында 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде.