Тараз қаласы, «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ержан Данаев №1 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті.
№43 орта мектепте өткен жиында әуелі округтің бас инспекторы Мақсат Рахымбекұлы жүзеге асырылған жүйелі жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Өткен жылы округке қарасты «Арай» алқабындағы 600 орындық, «Бәйтерек» шағын ауданында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1200 орындық және 200 орындық жекеменшік «Вангард» инновациялық бастауыш мектебі ел игілігіне берілді. Сондай-ақ Ы.Дүкенұлы, Әшімбаев көшелеріне және Саңырақ батыр көшесінің Ы.Дүкенұлы мен Қыпшақбаев көшелерінің аралығында жаяу жүргіншілер жолы салынды. Саңырақ батыр көшесі қайта жаңғыртудан, Қыпшақбаев көшесі орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар Абишев көшесі мен бұрылыстарында, Фресно көшесінің бұрылыстарында, Ы.Дүкенұлы, Ашимбаев, Қойгелді, Гоголь, Нұрмағамбетов көшелерінде ағымы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Алатау», «Бәйтерек», «Арай-2» шағын аудандарында аула жолдары толығымен жаңғыртылды. Бұған қоса Айша бибі көшесінің бойындағы оңтүстік дренаж каналы мен Әшімбаев көшесінің бойындағы «Қарасу-2» каналын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса «Бәйтерек» шағын ауданы, №7, 8 үйлердің ауласында кіші футбол алаңшасы салынды, – деген Мақсат Рахымбекұлы алда тұрған жоба-жоспарларды да баяндады.
Оның айтуы бойынша, биыл Жалаңтөс батыр, М.Өзтүрік, С.Юлаев, Студенческая, Елібаев, Кармелюк, Западный көшелері, Жаңабаев өткелі, Менделеев көшесінің 2, 3, 4-бұрылыстары, 2-Элеваторная көшесі, Элеваторный көшесінің 5-бұрылысы, 2, 3 Элеваторный көшелерінің бұрылыстары, Ақмолда батыр басы, көшесінің 1, 2-бұрылыстары, Октябрь көшесінің 1, 2-бұрылысы, Степан Разин көшесінің 1, 2, 3, 4-бұрылыстары, Ташкент көшесінің 5-бұрылысы, Смоленский көшесінің 2-бұрылысы, Комратов көшесінің бұрылысы жарықтандырылады. Бұдан бөлек, Лермонтов, Комратов, Майлықожа, Братский, Смоленский, Қамбаров, Дулати көшелерін орташа жөндеу, Смоленский көшесінің 2-бұрылысы, Ташкент көшесінің 5-бұрылысы, Лермонтов, Байзақ батыр, Абишев, Каллаур Әкім, Домалақ ана, Бәйдібек баба, Дулати көшелерінде және Фресно көшесінің 4-бұрылысында жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Тұрғындар да өз кезегінде қоқыстарды уақытылы алып шығару, ойын және футбол алаңшаларын орнату, құлағалы тұрған талдарды кесу секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Жиынды қорытындылаған Ержан Әлімжанұлы тұрғындар тілегі тыңдаусыз қалмайтынын және сол бойынша нақты тапсырмалар жүктелетінін жеткізді.