Әулиеаталықтар әз Наурызды айрықша қарсы алды

Әулиеаталықтар әз Наурызды айрықша қарсы алды

Күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулы қайта түлейтін әз Наурызды халқымыз қашанда асыға күтеді. Тағдырын Табиғат-анамен тамырластырған қазақ халқы үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мерекесі.
Айшықты мейрамды әулиеаталықтар биыл да айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес Көрісу күнінен бастау алған мерекелік шаралар легі бүгін Орталық алаңда өткен «Қош келдің, әз Наурыз!» атты көңілді думанмен түйінделді.

Мерекелік шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, Ұлыстың ұлы күнін көпшілікпен бірге қарсы алды.
Шара шымылдығы «ҚҰС ҚАНАТЫНДАҒЫ НАУРЫЗ» мюзикл көрсетілімімен түрілді.

Келесі кезекте облыс әкімі сөз сөйлеп, ақжарма тілегін арнады.
– Әз Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі – күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ. Сондықтан ата-бабамыз ежелден шуақты көктем мерекесіне айрықша мән берген, оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған. Қоғамдағы татулық пен келісім дәстүрлері ұлтымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпы түгел тоғысқан осы мейрамның сипатына сай келеді, – деген Ербол Шырақпайұлы жұртшылықпен бірге киіз үйлер қалашығын аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Көңілді думан барысында көпшілік назарына қолөнершілер көрмесі, театрландырылған қойылым, салт-дәстүрлерден көріністер, қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фотоаймақ, ұлттық ойын түрлерінен бәсекелер, ұлттық тағамдардан сауда-саттық ұсынылды.

Сондай-ақ «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» квартеті, Қырғыз Республикасының ел әртісі Саламат Садыкова, Гүлнұр Оразымбетова секілді танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар әсем әндерді әуелетіп, жиналған қауымға естен кетпес әсер сыйлады.