Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» облыстық турниріне Тараз қаласының іріктеу жарысы өтті.
Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайынла өткен дүбірлі доданың ашылу салтанатына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Ұлыстың ұлы күні қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ал бүгінгі жарыс – қазақтың ұлттық құндылықтары мен спорттық дәстүрлерін дәріптеу, жастарымызға ұлттық рухты, күш пен батылдықты сіңіру үшін маңызды алаң болып отыр. «Қазақстан Барысы” турнирі – қазақ күресінің ұлы тұлғалары мен нағыз батыры шыққан үлкен мектептің бір көрінісі. Бұл сайыс – тек спорттық бәсеке ғана емес, еліміздің әр өңірінде қазақ күресінің өркендеуіне үлес қосатын, жастарды салауатты өмір салтына баулитын маңызды шара.
Тараз қаласы әрқашан спорт пен мәдениеттің орталығы саналады. Сондықтан жерлестеріміздің аталған турнирде жақсы нәтиже көрсететініне күмәніміз жоқ, – деген Ұлана Сламбекқызы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша 55 келі салмақта Саламат Галиакпар топ жарса, 60 келіде Жанәділ Айдынұлы жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ 66 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Сейфулмәлік, 74 келіде И.Мұратбек, 82 келіде Жандос Ноян, 90 келіде Ришат Махмут, 100 келіде Бейбарыс Әшіралы, 100 келіден жоғары салмақта Жалғас Намаз, абсолюттік салмақ дәрежесінде Дәулет Пахридинов тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, диплом, естелік сыйлықтармен марапатталса, түйе палуандарға арнайы белбеу және қаржылай сертификат табысталды.