Ұмыт болған оюлар ұлықталды

Ұмыт болған оюлар ұлықталды

Қазақ халқының ою-өрнек өнері – ұлттық құндылықтардың ішіндегі ең ежелгісі. Сан ғасырлық тарихымызбен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін, ерекшелігін, дүниетанымын кеңінен сипаттайды. Қазақ оюының өзіне тән сыры, өз тілі бар.

Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен және қалалық әкімдіктің қолдауымен Наурызнаманың үшінші күні – «Шаңырақ күніне» орай «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар әлемінің фестивалі өтті.

Ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеуді мақсат еткен шараға көне шаһарда кәсіптерін дөңгелетіп отырған 23 қолөнерші қыз-келіншек қатысты. Олар фестиваль барысында жүннен тоқылған киім, төсеніштер, қыз жасаулары мен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен Раушан Құндызбаева – «Жоғары сапа», Эльмира Есеналиева – «Асыл ұстаз», Гүлнар Алдабергенова – «Көненің көзі», Салима Үмбеталиева «Жоғары шеберлік» номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлық пен арнайы дипломдарға ие болды.