Көне шаһардың келбетін жақсартып, туризм орталығына айналдыру мақсатында былтыр Тараз қаласында «Зербұлақ» демалыс кешені ашылған болатын. 2000 адамға шақталған кешенде түрлі әткеншек, толқынды бассейн секілді заманауи құрылғылар орнатылған.
Енді бүгін аталған жағалаудың екінші кезеңі іске қосылды. Атап айтсақ, иесіз бос жатқан жердің 6 гектарына халыққа тиімді бағада әрі таза жаңа су айдыны (жағалау) ашылды.
Салтанатты шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысып, ізгі тілегін жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, жағалауға кіру құны ересек адамдар үшін 1 000 теңгені құраса, бір отбасы үшін 16 жасқа дейінгі 2 балаға кіру тегін. Осылайша, «Зербұлақ» жағалауы шаһардың шырайын арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының сейілдеуіне арналған ыңғайлы демалыс орнына айналары сөзсіз.