Әуелі шаһар басшысы «Ұлы дала» (15) ықшамауданындағы жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Айталық, қазіргі таңда Қойшыбеков көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүруде. Сүлейменов көшесінен бастап «Бурыл» алқабы, «Ұлы дала» (15) ықшамауданының аумақтарын жалғайтын жолдың ұзындығы 806 метрді құрайды. Ал, ені 14 метрге кеңейтілуде.
Құрылыс мердігері – «Шалқар Бастау» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «Казахстан Эксперт» ЖШС.
Бүгінгі күні құрылыс басында онға жуық техника мен отыздан аса жұмысшы еңбек етуде.
Жол құрылысы ойдағыдай аяқталған соң, осы аумақтағы көлік кептелісі реттеледі деп күтілуде.
Бұдан кейін қала әкімі аталған ықшамаудандағы саябақ пен суғару жүйесіне арналған ұңғыманы көрді.
«Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа 5 000-ға жуық тал егу жоспарланған. Осы кезге дейін 2 500-ден аса тал-дарақ отырғызылды. Әрине, бұл талдарға уақытылы күтім жасап, суғарып тұру – аса жауапты жұмыс. Осы мақсатта қазір саябақ аумағынан екі су ұңғымасын бұрғылау көзделген.
Бүгінгі күні бір су ұңғыманы бұрғылау басталып кетті. Енді аталған жұмыстар толығымен аяқталған кезде осы арнайы бұрғыланған ұңғымалар арқылы егілген тал-дарақтарға су жүйесімен тіршілік нәрі жіберілетін болады.
Келесі кезекте «Ұлы дала» (15) ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысына да қанықты.
Сондай-ақ шаһар басшысы «Оңтүстік» және «Қапал» каналдарына аялдады. Бұл каналдардың бойында «ЯСА» және «Адал KZ Құрылыс» ЖШС механикалық тазарту жүргізілуде.
Осы орайда айта кетерлігі, биыл «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарын механикалық тазалау жұмыстары басталуда. Сондай-ақ 15 жылдан астам уақыт іске қосылмаған «Сеңкібай» каналының арнасы қалпына келтіріліп, ағын су беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүруде.
Сонымен қатар қала басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне ат басын бұрды.
Бүгінгі күні «Тектұрмас» кешенін абаттандырып, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары да қарқын алуда. Нақтырақ тоқталсақ, кешенге 4 500 дана қылқан жапырақты ағашты егу жоспарланса, оның бүгінге дейін 3 500-і егілді. Осыған орай, кешендегі ағаштарды тамшылату және егілетін көгалды автоматты суғару жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта мұнда суғару жүйесіне арналған диаметрі 20-4000 метр, диаметрі 50-11 000 метр және диаметрі 75-1000 метр болатын су құбырлары алынды. Су Талас өзеннің арнасынан сорғылау жүйесі арқылы сақтау ыдысына (резервуарға) жиналып, талдарға жіберіледі.
Осылайша барлығы арнайы технология бойынша тамшылатып суғару жүйесіне қосылады.
Барлық нысанмен жіті танысқан Бақытжан Әмірбекұлы құрылыстың сапасына көңіл бөлу керектігін еске салып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.