Көпбалалы аналар – құрмет құшағында

Көпбалалы аналар – құрмет құшағында

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсімі өтті.

Жиында әуелі шаһар басшысы сөз алып, аналарға ақжарма тілегін жеткізді.

– Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионға жетіп, демографиялық дамуға қол жеткізіп келеміз.
Тараз қаласының тұрғындарының саны да артып, 430 мыңға жуықтады. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел адамзатының орны биік екенін айғақтайды.
Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы марапат иелеріне алқаларын табыстады.

Аналар да өз кезегінде шаһар басшысына шынайы ризашылықтарын жеткізді.

Осы орайда айта кетерлігі, Тараз қаласы бойынша 2010-2023 жылдар аралығында жалпы 2 753 көпбалалы ана «Алтын» және 2 516 ана «Күміс» алқамен марапатталған. Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 27 қарашадағы №401 Жарлығы бойынша 11 көпбалалы анаға «Алтын», 44 анаға «Күміс» алқа табыс етілді.