Қала әкімі тұрғындармен кездесті

Қала әкімі тұрғындармен кездесті

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №4 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Әуелі округтің бас инспекторы Нұржан Жұмағұлов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

– Аумақтық округте Тараз қаласының мәслихат депутаттарымен бірнеше рет халықпен жеке кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындардың өтініштері тыңдалды. Округтегі №6 орта мектепте жаңадан спорт зал салынып қолданысқа берілсе, «Кірпіш зауыты» тұрғын алқабында «Базарбай» каналынан өтетін Хмелевский көшесіндегі 3 көпір жөндеуден өтті. Сондай-ақ жергілікті №27 учаскелік полиция қызметкерлерімен бірігіп, округке қарасты көшелердің бейберекет шығарып қойған күл-қоқыстары мен құрылыс материалдарын көшеден алып тастау және тазалықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіп, тұрғындарға 121 ескерту беріліп, 2 айыппұл салынды. Сонымен қатар округтегі қураған талдар бұтақталып, санитарлық тазалықтан өткізілді. Нәтижесінде қоғамдық жұмысшылардың көмегімен 12 ай бойы тазалық жұмыстары жүргізіліп, 1135 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұған қоса 32 көше мен бұрылыстар асфальтталып, 23 көше мен бұрылыстар жарықтандырылды, – деген Нұржан Жадыраұлы биылға жоспарланған межелі міндеттерді де тілге тиек етті.
Бұдан кейін тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Тұрғындар тарапынан пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, қабірлерді қоршау, балалар алаңын орнату, қоғамдық көліктердің санын арттыру, №22 орта мектептің маңына жаяу жүргіншілер жолын салу секілді өзекті мәселелер көтерілді.

Шаһар басшысы өз кезегінде әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.

– Өткен жылы округте атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Ағымдағы жылы да бірқатар ілкімді істі қолға алмақпыз. Айталық, қаланы дамытудың 2 жылдық жоспары аясында «Қарасай» мен «Қант зауыты» тұрғын алқаптарындағы бірқатар көшені жарықтандыру, аялдамаларды көбейтіп, ауыз су жүйесін жүргізу сынды мәселелер өз шешімін табады. Бұдан да өзге жоспарланған жұмыстарымыз жетерлік, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.