Жарқыраған көше жанға жылу сыйлайды. Әрі бұл – түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігінің кепілі. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін мәселенің бірі – осы. Бүгінде бұл бағытта Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, биыл «Самал» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру мақсатында бюджет есебінен 24 миллион теңге қаралған болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз болып «Байжархунов» ЖК анықталып, келісім-шарт жасалған. Келісім-шарт сомасы 12,8 миллион теңгені құрайды. Аталған қаржыға «Самал» ықшамауданындағы 51 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары мен үйлер арасындағы жаяу жүргінші жолдарына жалпы саны 247 көше шамы орнатылды. Оның 230-сы кіре беріс есіктеріне (подъезд), 17-сі жаяу жүргінші жолдарына қойылған. Осылайша аталған ықшамаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру мақсатындағы құрылыс жұмыстары толығымен тәмамдалды.
Жалпы, былтыр облыс орталығындағы 68 көшедегі темірбетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылған. Одан бөлек, үнемделген қаражат есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарық шамдары қойылып, жалпы 83 көше жарықтандырылды.
Сондай-ақ ағымдағы жылы Тараздағы 76 көшені (бұрылыстармен қоса есептегенде) жарықтандыру жұмыстары басталады. Ал 2025 жылы қосымша күрделі жөндеумен жүзге жуық көше және Абай, Байзақ батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Қонаев, Қойгелді, Желтоқсан, Жамбыл даңғылы бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықпен қамту жоспарлануда.