Тұрғындар тілегі тыңдаусыз қалмайды

Тұрғындар тілегі тыңдаусыз қалмайды

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №9 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Басқосу барысында әуелі округтің бас инспекторы Ернұр Үдербаев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.


– Ағымдағы жылы округте ілкімді істер қолға алынды. Айталық, Саңырақ батыр көшесі, Ы. Дүкенұлы қиылысынан 4-бұрылыс Б.Момышұлы көшесіне дейін түзету жұмыстары жүргізіліп, біршама кеңейтілсе, «Арай» алқабы, Арай көшесі, Домалақ ана бұрылыстарымен, Әуежай аумағы, Тәуке хан, Т. Мұсабаев, Т. Әубәкіров, Бигелдинов көшелері асфальтталды. Сондай-ақ Қыпшақбаев және Ақмолда батыр көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса Саңырақ батыр, Жүргенов көшесінің жартысы мен Братская көшесі арқылы Қыпшақбаев көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жолы және Саңырық батыр қиылысынан Айша бибі көшесіне дейін Сейфулин, Шостакович, 4-бұрылыс Б.Момышұлы көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, «Арай» алқабы Бәйдібек баба, Майлықожа, Атабаев көшелерін кесіп өтетін қиылыстарына шағал тастар мен асфальт қалдықтарынан шыққан материалдар төселіп6 тұрғындарға ыңғайлы жол жасалды. Бұдан бөлек, Байзақ батыр және Тәуке хан көшелеріне жаңадан қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама орнатылса, Байзақ батыр көшесіне жаяу жүргіншілер жүретін белгі, Айша бибі көшесіне де жаяу жүргіншілер жолақтары мен белгілері, 1 бағдаршам қойылды, – деді Ернұр Әуезұлы.

Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы халықты С.Сейфуллин, Шостакович, Б.Момышұлы көшесінің 4-бұрылысына орнатылған жаяу жүргінші жолын түнгі жарық шамдармен қамтамасыз ету, Ә.Елібаев, Западная, Перепелкин, Кулибин, Н.Некрасов, Студенческий, Баженов, Элеваторный көшесінің 1, 2-бұрылыстары, С.Разин көшесінің 1, 2, 3, 4 бұрылыстарын жарықтандыру, «Арай» алқабы, Бәйдібек баба көшесіне мектепке қарай және Ы.Дүкенұлы, Гоголь көшесі арқылы №16 мектепке қарай баратын Байзақ батыр көшесі қиылысына дейін жаяу жүргіншілер жолын салу секілді өзекті мәселелер толғандырады екен.

Барлық сауалды мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы көтерілген мәселелер заң аясында талапқа сәйкес шешімін табатынын және мүмкіндігінше айтылған сын-ескертпелер мен өтініш-тілектер қараусыз қалмайтынын жеткізді.