Дамудың даңғыл жолына түскен көне шаһар
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Тараз қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық даму картасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Биылғы жылы қалада өнеркәсіп көлемін 531,2 млрд. теңгеге жеткізу көзделсе, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 137,8 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, 9,2 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске қосылады. Асыраушы салада жыл соңына дейін құны 2,8 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба іске асырылады.
Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылдың қорытындысымен 150,0 млрд. теңгеге дейін арттыру көзделсе, І тоқсанның қорытындысымен 21,8 млрд. теңгеге инвестиция тартылды. Бөлшек сауда тауар айналымы 2023 жылы 323,1 млрд. теңгеге жету жоспарланса, есепті кезеңде 75,4 млрд. теңгені құрады.
Даму картасында 2023 жылы бюджет есебінен 47 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Сүлейменов көшесіндегі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. 28 үйді аяқтауға және Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйлердің құрлысына 9,7 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Білім саласында 2023 жылы жалпы құны 10,1 млрд. теңгеге 5 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл «Барысхан» тұрғын алқабындағы 600 орынды мектеп қолданысқа берілді. Қалған 4 мектептің құрылыстары жүргізілуде. Биыл 7 мектепке күрделі жөндеу және 17 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Спорт саласында «Талас» мөлтек ауданында фитнес залы пайдалануға берілген. «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аулаларға 6 спорт алаңшаларын салу жоспарланса, 15 мөлтек ауданда және Менделеев көшесінде спорт алаңшасының құрылысы басталды. Қалған 2 спорт алаңшасының құрылысы шілде-тамызда басталады.
2023 жылы саябақтарды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан» және «Арбат» демалыс орындарында гүлзар алаңы, демалыс аумағы, велосипед, скутер айдайтын арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі атракциондар соғылады.
Биыл 500 млн. теңгеге 68 көшедегі темір бетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылады. Жұмыстар қыркүйек айына дейін аяқталады. Сондай-ақ, 3,4 млрд. теңгеге 118 көшеге, бұрылыс және тұйықтарымен орташа жөндеу жүргізіледі. 400,0 млн. теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердің аула жолдары қалпына келтіріледі.
Биыл даму картасына сәйкес 43 көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 5,4 млрд. теңгеге республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Қолдау тапқан жағдайда 63 көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізуге мүмкіндік болады.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы 12 гектар жерге 15 мың тал көшеттерін отырғызу жоспарланса, қазір 7,8 мың тал көшеті отырғызылған.
Автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-і 20 бірлік және «Әулиеататранспасс» ЖШС-і 3 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустар жеткізіп отыр. Сыйымдылығы кемінде 55 адамды тасымалдау мүмкіндігі бар бұл қоғамдық көліктер №11, №19, №46, №28, №55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді.
Тараз қаласының жаңа Бас жоспарына сәйкес, көне шаһар екі әкімшілік ауданға бөлінеді деп жоспарлануда.
Бүгінде қаладағы халық саны 428 мыңға жуық. Екі аудан әкімшілік ауданға бөлінген жағдайда әр ауданда 200 мыңнан аса халық болады.
Жалпы облыс орталығы – Таразда атқарылған жұмыс аз емес. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды. Сондықтан жергілікті билік Тараз қаласының даму жоспарын, экономикалық-әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша күш-жігер жұмсайтындығын айтты шаһар басшысы.
Жиын барысында БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.