Жаңғыруға қадам басқан елімізде болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 2025 жылға қарай елімізде 1000 мектеп салуды жүктеген болатын. Бұл тапсырма облысымызда жүйелі жүзеге асырылуда. Соның жарқын дәлелі – Тараз қаласындағы «Барысхан» алқабында 600 орынды оқу ордасының ашылуы.
Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты.
Әуелі Нұржан Молдиярұлы сөз алып, ізгі лебізін жолдады.
– Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Ал білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер соғылып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай өсуіне септігін тигізері сөзсіз. Болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игі істеріміз оң болсын! – деген аймақ басшысы білім ордасының оқушыларына арнаған сыйлығын тарту етті.
Келесі кезекте еңбек ардагері Алпысбай Смаилов құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан кейін салтанатты шара мектеп өрендерінің концерттік бағдарламасына ұласып, қонақтар оқу орнының ішін аралап көрді.
Құрылысын мердігер «Тараз-Ирригация» ЖШС жүргізген мектеп 23 оқу бөлмесімен, компьютер, модификациялық, лингафон кабинеттерімен, спорт зал, шеберхана, асханамен жабдықталған.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 20 білім нысанының құрылысына 7,0 млрд. теңге бөлініп, 8 мектеп пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 12 нысанның құрылысы аяқталады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 20 мектеп салынады. Оның сегізінің құрылысы биыл басталса, қалғаны келер жылға жоспарланған. Тараз қаласында ағымдағы жылы төрт «Жайлы мектептің» құрылысы қолға алынады.