Қала әкімінің Шолдала және Химик массивтерінің тұрғындарымен кездесуі

Қала әкімінің Шолдала және Химик массивтерінің тұрғындарымен кездесуі

Тараздағы Шөлдала, Химик алқаптарының тұрғындары үшін көптен күткен жағымды жаңалық. Енді мұндағы тұрғындар 25 қарашадан бастап электр энергиясының 1 кВт-на 15,05 теңгеден төлейді. Бүгінде тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары басталды. Айта кету керек, жарыққа қарызы жоқ үйлер алдымен абоненттеледі. Осы орайда халыққа тағы бір жеңілдік - бұған дейін қордаланған қарызы барларға бөліп төлеу де (рассрочка) қарастырылды.

Демек, халық тұтынатын электр энергиясы желілерін қалалық әкімдік өз жауапкершілігіне алды. Абоненттеу жұмыстары аяқталғанға дейін жарыққа төлемақыны әкімдік тарапынан бекітілген мамандар жинайтын болады. Абоненттеу 100 пайызға аяқталған соң, “АСКУЭ” есептеу құрылғысы орнатылып, азаматтар түрлі қосымшалар арқылы төлемақы жасауға мүмкіндік алады.

Осы және өзге де мәселелерді талқылау мақсатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған аумақтардың тұрғындарымен кездесті. Басқосуда алқаптарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, ауыз су құбырларын жүргізу, газ тарту, қоғамдық көліктің қатынауы, жол жөндеу мәселелері көтерілді.

Облыс орталығындағы 28 саяжай мен Құмшағал, Шөлдала, Қызыл Абад, Көлтоған, Жиделі алқаптарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін құбырлар тартылып жатыр. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталып, тұрғындар таза ауыз суға қолжеткізеді.

Аумақтарға газ да тартылып жатыр. Дегенмен, тұрғындар бұл жұмыстардың баяу жүріп жатқанын айтуда. Мердігер алдымен арнайы комиссияның оң шешімі болу қажет екендігін алға тартуда. Бірақ комиссияның барлық үйді бірден тексеруге мүмкіндігі жоқ. Осы орайда шаһар басшысы жауапты орынбасарға келесі аптадан бастап әкімдік мамандарын аталмыш жұмысқа қосып, тездетуді тапсырды.

Қоғамдық көлік қатынау мәселесі де өзекті.Тұрғындар 40 және 54 автобустарды алқап ішімен жүргізуді сұрайды.Бүгінде қалада автобус тапшылығы бар екендігі рас. Дегенмен, тасымалдаушы мекемелермен аумақтарға автобус жүргізу бойынша келіссөздер жүргізілмек.

Сонымен қатар тұрғындардың емхана,банкомат, полиция пунктін орнату қажеттілігі туралы ұсыныстары назарға алынды. Барлық мәселе хаттамаға енгізіліп, кезең-кезеңімен заң аясында шешімін табатын болады.