Бақытжан Орынбеков "Барысхан" массивінің тұрғындарымен кездесті

Бақытжан Орынбеков "Барысхан" массивінің тұрғындарымен кездесті

Күні кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков қала аумағындағы “Барысхан” алқабының тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде алқап тұрғындары бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда: алқаптағы орталық жолдарға асфальт төсеу, ирригация жүйелері, қоқысты уақытылы шығару, қоғамдық көліктің қатынауы сынды мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде қала басшысы тұрғындардың сауалдарын тыңдап, әр мәселеге жеке жауап берді. 2023-2024 жылдар аралығында, жоспарға сәйкес алқаптағы 16 көшеге республикалық бюджет есебінен асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, алдағы уақытта қоқыс мәселесі де шешімін таппақ. Мердігер мекеме ЖК «Махмудов» аталған мәселені халықпен талқылап, алқаптағы қоқыс шығару мерзімімен келісті. Тұрғындар тарапынан көтерілген тағы бір мәселе - 29 маршруттың демалыс күндері сирек қатынауы. Бұл сұрақ бойынша жауапты тасымалдаушы мекемеге қатынау графигін қайта қарастыру тапсырылды.

Ирригация жүйесі мәселесін шешіп беруді сұраған тұрғындар аумақта жаңадан салынған су құбырлары жарылып жатқанын атап өтті. Өз кезегінде мердігер судың қысымына шыдамаған құбырлардың жарылуы - бұл зауыттық ақау екенін жеткізді. Құбыр жүйесінің кепілдік мерзімі желтоқсан айында аяқталады. Сондықтан шаһар басшысы аталған жұмыс бойынша сараптама тағайындауды тапсырды. Атқарылған жұмыстар сараптаманың қорытындысы бойынша қайта қабылданбақ.

Сонымен қатар кездесу барысында алқапқа кірер жолда жаяу жүргіншілер жолағын, жол белгілерін орнату мәселесі де көтерілді. Бұл тұрғыда Бақытжан Әмірбекұлы аталған мәселені шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.