ТАРАЗДА БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

ТАРАЗДА БАЛАЛАР МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні Таразда жылдағыдан екеркше сипатта өрбіді. Өйткені, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес «Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай көне шаһарда қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасымен балалар мен жасөспірімдерге арналып, 60-қа жуық танымдық, спорттық, мәдени-көпшілік іс-шара жоспары бекітілген еді. Оның басым бөлігі бүгінгі күні көрініс тапты.
Солардың бірі - орталық Т.Рысқұлов атындағы саябақта өткен «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» атты мерекелік кеші. Балалар мерекесін шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев тамашалап, бүгінгі мереке иелеріне жылы лебіздерін жеткізді. Мұнда кішкентай қонақтарға арналып, аты айтып тұрғандай ерекше тосын сыйларға толы қызықты сәттер көп болды. Түрлі тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды. Мәселен, «Бақытты балалақ шақ» алаңшасында «Аквагримм», «Михенди»және интерьерлік дизайн мен джут техникасымен әшекей бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттары өткізілді. Ал, «Ертегілер әлемі» алаңшасында көпшілік ертегілерде кездесетін қиял-ғажайып пен сиқырлы ойындарға тап болды. Жиналғандардың көңіл-күйін көтеру үшін саябаққа гүлдермен сәнделген сомакаттар, велосипедтер қойылып, балалар олармен қалағандарынша серуен құрды. Сонымен қатар алаңқайда арнайы «Көбелектер әлемі» орналасып, көпшілік түрлі көбелек түрлерімен танысып қана қоймай, оригами, аквагрим бағыттары бойынша фото зонаны тамашалады. Арнайы шығармашалық орталықтың педагогтары «Шығармашылық шеберханасы» бұрышында келген қонақтарға «Боди арт», «Сән салоны» бойынша мастер класс өткізді. Балалардың бірқатары викториналық ойындарға қатысты, заман талабына сай тик-ток түсіріп жарысты. Осынау іс-шараға 5000-ға жуық бала қамтылып, демеушілер есебінен балмұздақтар мен сыйлықтар тарту етілді.
Дәл осы сәтте жаңадан ғана есігі айқара ашылған «Оқушылар сарайында» «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып, концерттік бағдарлама өтіп жатты. Ерекше балаларды мұнда ертегі кейіпкерлері қуанышпен, қызықты ойындармен қарсы алды. Келушілердің қабілеттерін ескере отырып, балалар акварель бояуларының және трафеттер арқылы суреттер салды. Пазлдар жинап, мультфилм кейіпкерлері сабын көпіршіктерін үрледі. Түрлі ертегі кейіпкерлерімен танысқан балалар қуаныштарын жасырмай, өздері де бірге ән салып, би биледі.
Мәдени-көпшілік кештер қалаға қатысты 11 аумақтық округте де жалғасын тапты. Әсіресе, қаладан алыс орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандары мен басқа да аумақтағы аула клубтарда әр жастағы балалар ұмыт қалған асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындардан жарысқа түсіп, түрлі байқауларда бақ сынасты.
Ал, ертегі сүйер қауым А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында «Айболит пен қарақшы» қойлымын тамашалады. Бұл күні «Пиксель» кинотеатрында соңғы шыққан мультхикаялар тегін көрсетілді. Мерекелік думан кешқұрым «Жеңіс саябағында» жалғасты. Осының барлығын Тараздың өнерлі әрі шығармашыл жастарының ұйымдастыруымен өтті. Ең бастысы, бұл күн балалар мерекесінде естен кетпес ерекше сәттерге айналды. Тараздықтар таң сәріден, кеш батқанға дейін осылайша, балалардың өнерін тамашалап, үйдегі балақайларына мерекелік шат-шадыман қуаныш сыйлай білді.