
Тараздағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Мұғалімдер күніне орай «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
Бүгінде қалада сапалы, қолжетімді, қауіпсіз және қолайлы білім берумен қамтамасыз ету мақсатында соңғы үш жылда 7 жаңа мектеп, 2 жапсарлас ғимарат пайдалануға берілді. Нәтижесінде оқушы орны 7 580-ге артты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша заман талабына сай 4 оқу ошағы ашылып, онда 6 000 аса бала білім алуда.
Сонымен қатар, биыл №27 орта мектептің 600 орынды жаңа ғимараты балалар игілігіне берілді.
Білім мекемелерін жаңғырту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда соңғы үш жылда 7 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. «Орта білім беру нысандарына кешенді жөндеу жұмыстарын жүргізудің 2025-2029 жылдарға арналған жоспары» аясында №54 орта мектеп ғимараты жаңғыртудан өтті.
Өткен оқу жылы мектеп оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында, интеллектуалдық конкурстар мен шығармашылық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. Жүлдегерлер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсті.
Сондай-ақ екі мектеп Республиканың «100 Үздік олимпиадалық мектеп» қатарына еніп, білім сапасында оң динамика қалыптасты.
Шара барысында жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше еңбек сіңіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген 32 үздік педагогке түрлі дәрежедегі марапаттар табысталды.
Мерекелік жиын соңы концерттік бағдарламамен түйінделді.