Таразда жалпықалалық сенбілік өтті

Таразда жалпықалалық сенбілік өтті

Тараз қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 12 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.

Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қаланы көркейту және абаттандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған игі шараға бөлімдер мен мекеме қызметкерлері, сондай-ақ қала тұрғындары белсене атсалысты.

Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, сенбілік жұмыстары жүргізілген аумақтарды аралап көрді.

Шаһар басшысы өз сөзінде таза қала - баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтіп, тұрғындарды сенбілікке үлес қосуға шақырды.

Сенбілік барысында аумақтар қоқыстан тазартылып, аулалар мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Қураған ағаштарды санитарлық кесу және шөп ору жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, «Қарасу» шағын ауданындағы канал аумағында тазалау жұмыстары атқарылды.

Жалпы, сенбілікке 1 мыңға жуық адам қатысып, тазалық жұмыстарына 10 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Аталған шара қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.