Жаңа автобус бағыты ашылды

Жаңа автобус бағыты ашылды

Бүгін Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы аралығында қатынайтын әлеуметтік жаңа бағыт салтанатты түрде іске қосылды.

Игі шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралы және аудан тұрғындары қатысты.

Шара барысында шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз етудің маңыздылығына айрықша тоқталды.

Жаңадан ашылған №67 бағыттағы 14 қоғамдық көлік Аса ауылынан бастап Тараздағы Сүлейменов, Жамбыл, Төле би, Желтоқсан, А.Пушкин, А.Асқаров, Абай, Сыпатай батыр және Мәмбет батыр көшелері арқылы қатынайды. Жүру аралығы 13-15 минутты құрайды.
Автобустардың сызбасы Жамбыл ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, халыққа қажетті оқу орындары, медициналық ұйымдар мен сауда орындарына ыңғайлы етіп жасалған.

Жол ақысы да қала тарифімен бекітілді. Яғни, барлық тұрғындар үшін – 100 теңге, ал, 18-ге толмаған жасөспірімдер мен балалар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларының иегерлері, «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар автобуста тегін жүруге құқылы.

Айта кетейік, облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары Таразда қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға, жаңа бағыттар ашып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше ден қойылуда. Осыған орай қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспарында жыл сайын кемінде 70 қоғамдық көлік сатып алу міндеті көзделген болатын. Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы қалаға 73 қоғамдық көлік алынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 155 автобусқа жетті. Ал өткен жылы шаһар аумағына 91 қоғамдық көлік жеткізілді. Биылғы жылдың өзінде тағы 25 автобус әкелінді. Осылайша, соңғы жылдары жаңарған қоғамдық көліктердің жалпы саны 381-ге жетіп отыр.

Нәтижесінде шаһардағы жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 85 пайызға дейін артып, қоғамдық көлік саны 330-дан 522 автобусқа дейін көбейді. Сонымен қатар жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында қосымша 14 бағыт ашылып, қазіргі уақытта қала тұрғындарына 46 бағыт бойынша қоғамдық көлік қызмет көрсетуде.