
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, кітапхана ұжымына табыс тіледі.
Сонымен қатар еңбек ардагері Қасымхан Төлендиев пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Қала әкімдігінің қолдауымен қолданысқа берілген кітапханада кітап қоры 9 418 дананы құрайды.
Кітапханада оқырмандардың кітап оқып, компьютерлік білімін жетілдіруіне, бос уақыттарын тиімді өткізуіне және өзара пікір алмасуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
Атап айтқанда, руханият ордасына келушілердің жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында «Домбыра», «Сурет салып үйренеміз», «Қолөнер» және ардагерлерді кітап оқумен қатар, компьютерлік сауаттылыққа үйрететін «Компьютерді оңай үйренеміз» үйірмелері жұмыс істейді.
Сонымен қоса, «Коворкинг»-білім орталығында жастармен әртүрлі тақырыптарда мәдени іс-шаралар өткізіледі.
Сондай-ақ, абонемент, оқу залы бөлімдерінде ақын-жазушылардың мұралары, тарихи бастаулары көне дәуірлердің тереңіне бойлап жатқан басылымдар топтастырылған.
Айта кетейік, қала аумағына 14 елді мекеннің қосылуы нәтижесінде кітапханалардың да саны артып, бүгінде олардың қатары 9 жаңа нысанмен толығып отыр.